Садақа жайлы хадистер

«Беруші қол алушы қолға қарағанда артығырақ. Беретін болсаң, алдымен өз отбасыңнан бастап бер. Садақаның абзалы – дәулетінен жомарттықпен бергені. Аллаһ Тағала өзгелерге қол созуды қаламаған пендені тіленуден сақтайды, ал барына қанағат еткен пенденің барлық қажетін өтейді». (Бұхари, Муслим)

***

«Үстіңгі (беруші) қол төменгі (ашушы) қолдан артық. Өйткені үстіңгі қол – жұмсаушы, ал астыңғы қол – сұраушы». (Бұхари, Муслим)

***

«Жоқшылыққа тап болған кезде қажетін адамдардан сұарған пенде ешқашан жоқшылықтан құтыла алмайды. Ал енді, қажетін Аллаһ Тағаладан тілеген пендесіне Аллаһ ерте ме, кеш пе, тиісті ризығын береді». (Тирмизи, Әбу Дәуд)

***

«Кім маған адамдардан өзіне қажетсіз бір нәрсені сұрамаймын деп уәде етсе, мен оның жәннатқа кіруіне кепілдік беремін». (Әбу Дәуд)

***

«Расында, сендердің араларыңнан біреудің қолына арқан алып, таудан бір құшақ отын әкеп сатқаны, адамдардан қажетін сұраған кісіден абзал. Әрі осы себепті Аллаһ Тағала оны жоқшылықтан сақтайды». (Бұхари)

***

«Ешбір пенде өз маңдай терімен тапқан нәпақасынан абзал ас ішіп көрмеген. Аллаһ Тағаланың пайғамбары болған Дәудтің (ғ.с.) өзі күнкөрісін өз еңбегімен табатын еді». (Бұхари)

***

«Дәуд пайғамбар (ғ.с.) тек өз кәсібімен тапқан нәрсесін азық ететін». (Бұхари)

***

«Аллаһ жолына жұмсағаны – кісінің өз малы. Ал одан артылғаны – (соңындағы) мирасқорлардың малы». (Бұхари)

***

«Құрманың жартысымен болса да өздеріңді тозақ отынан аман алып қалыңдар. Оны да таппаған адам ең болмаса жақсы сөз айтсын». (Бұхари, Муслим)

***

«Адамдар Аллаһтың елшісінен (с.ғ.с.) не нәрсе сұраса да ол (с.ғ.с.) ешқашан: «Жоқ» деп айтпайтын еді». (Бұхари, Муслим)

***

«Әр күні пенделер ұйқысынан оянған уақытта аспаннан екі періште түсіп, оның бірі: «Уа, Тәңірім! Мал-мүлкін жақсылыққа жұмсаушының жұмсағанын есесімен қайтар» десе, екіншісі: «Уа, Тәңірім! Сараңдық қылған кісіні шығынға ұшырат» деп тілейді». (Бұхари, Муслим)

***

«Ей, адам баласы! Дүние-мүлкіңді жақсылыққа жұмса, сонда саған да жұмсалады». (Бұхари, Муслим)

***

«Бір кісі Аллаһтың елшісінен (с.ғ.с.): «Исламдағы ең жақсы амал қандай?» деп сұрады. Расулулла (с.ғ.с.): «Мұқтаж адамды тамақтандыруың…» деп жауап берді». (Бұхари, Муслим)

***

«Қырық түрлі ізгі амал бар. Оның ең абзалы – мұқтаж болған кісіге өзінің сауын ешкісін беру». (Бұхари)

***

«Ей, адам баласы! Сен үшін тіршілігіңе қажетінен артығын ұстап қалғаныңнан көрі оны жұмсағаның абзалырақ. Қолыңдағыны жарататын болсаң, ең алдымен өз отбасыңнан баста. Әрі білгін, беруші қол алушы қолдан артық». (Тирмизи)

***

«Садақа пенденің малын кемітпейді. Ал тіленушіліктің есігін ашқан пендеге Аллаһ Тағала жоқшылықтың есігін ашады» (Тирмизи)

***

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) отбасы қой сойып, етін мұқтаждарға таратты. Таратып болған соң: «Еттен бірдеңе қалды ма?» деп сұрады. Айша анамыз (р.ғ.): «Қол етінен басқа еш нәрсесі қалмады» деп жауап берді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бізге осы қол етінен басқасының бәрі бұйырған екен» деді». (Тирмизи)

***

«Аллаһ Тағала тек адал еңбекпен тапқан дүниеден берілген садақаны қабыл етеді. Кімде-кім адал еңбек етіп, тапқанынан жарты құрманың құнындай нәрсе болса да садақа етсе, Аллаһ Тағала оны қабыл етіп, көлемін (яғни сауабын) таудай етіп өсіреді» (Бұхари, Муслим)

***

«Екі адамға жеткен ас, үш адамға да жетеді. Үш адамға жеткен ас төрт адамға да жетеді». (Бұхари, Муслим)


Leave a Comment


You must log in to post a comment.