Діни білімнің нашарлығы салдарынан, кейбір адамдар қате ұғымдарға иланып сенеді. Көптеген теріс пікірлерге бой алдырады. Мәселен, бұл түнде әрбір үйді ақ сақалды, аппақ киінген Қыдыр ата аралап жүреді-мыс. Оны таң атқанша күту керек. Егер әлгі Қыдыр атамыз үйге кірсе, оған бар тілегімізді, өтінішімізді, қажетімізді айтып қалуымыз керек екен. Тіпті оның қолын ұстаса, бар арман-тілегіңнің орындалғаны екен.
Ал кейбір адамдардың түсінігі бойынша бұл уақытта есікті, терезені міндетті түрде ашып қою керек. Сонымен қатар үйдегі ыдыстарға су құйып қою керектігін айтады. Егер үй-үйді аралап жүрген періштелер әлгі судан дәм татса, ол да жақсылықтың нышаны көрінеді. Нұрдан жаратылған періштелердің жер шарын аралап жүретіндігі рас. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес.
Қадір түнінің қадірін біз қалай түсінеміз? Бұл түнді қалай өткізген абзал? Мұндай сауалдар төңірегінде хазіреті Айша анамыз пайғамбарымызға:
– “Уа Расулаллаһ! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз былай деп жауап береді:
– “Ей Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр”, – дейді. (“Риазүс-салихин”, 2-том, 467-бет).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, соңғы түндерді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген.
Қадір түні – ол қандай түн?
Қадір сүресінен: Анығында, Біз (Құранды) қадір түні түсірдік (1). Қадір түнінің не екенін білесің бе? (2). Қадір түні – (игілікте) мың айдан артық (3). Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жебірейіл түседі (4). Бұл түнде таң атқанша «сәлем» жалғасады (5).
Алла Тағаланың қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы сүрелері рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні түскен. Осы кештің қасиетті мың айдан артық делінген аят бар. Мұсылмандар бұл түнді ұйқысыз өткізіп, он сегіз мың ғаламды, барша адамзатты, бүкіл тіршілікті жаратушы жалғыз Алладан тілек тілеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде осы түнге шын иланып сұралған тілек қабыл болады делінген.
Жәннат төрт түрлі мүмінді ерекше күтеді:
Біріншісі – осы айда арнайы Құран оқыған адам;
Екіншісі – ораза кезінде өсек-өтіріктен, дау-жанжалдан аулақ, тіліне сақ болған адам;
Үшіншісі – аш адамдарға және ораза тұтушыларға тамақ бергендер. Алла Тағала ондай қайырым жасағандарға кәусар суынан ішкізеді. Оны ішкендер ешқашан шөлдемейді және жәннат иесі болады;
Төртіншісі – рамазанда арнайы ораза тұтқан адамдар. Дереккөзі.
No Comments Yet