www.areebonline.com

www.areebonline.com

Ораза айттың қадір-қасиеті ерекше. Бұл туралы Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен хадисте:

«Мүмін пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Аллаһ тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым»,

– делінген.

Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады.
Ол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, мешітке – айт намазына хош иісті болып бару – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Себебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қандай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді»,– делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін – сүннет.
Шариғатқа сәйкес, айттарда көңіл-күйдің көтеріңкі, қуанышты болуы, жүзінен нұрлы шырай таралуы – Аллаһтың рахметі, Пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағаты, жәннат және нығметтеріне үміт арту белгісі саналады. Сондықтан, мереке күндері мұсылман бауырларымызға мейіріммен қарап, ауру-сырқаулардың көңілін сұрау, кембағалдарға қарайласып, қуандыру – ең сауапты да абзал іс.
Айт мейрамы айт намазын оқумен басталады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу»,– деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы – мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды»,– деп өсиет еткен. Мұсылман бауырларымыз айт дастарханын жайып, халқымыздың меймандостық салтымен асыл дінімізге лайық бір-біріне зор құрмет көрсетеді деп сенеміз.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасы мен Орта Азия
мүфтилер кеңесінің төрағасы,
Бас мүфти, шейх.
(Баспасөз өкілдеріне жолдаған хатынан қысқартылып алынды)


Leave a Comment


You must log in to post a comment.